“Алтын сақа” олимпиадасының жеңімпаздары марапатталды

Бүгін «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен, «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығының ұйымдастыруымен өткен «Алтын сақа» математикалық олимпиадасының жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Қабілеті жоғары дарынды балаларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған олимпиадаға Астана қаласы білім беру мекемелерінің 5-сынып оқушылары қатысты. Тапсырмалар «Жүздік бақылау және жүз балдық бағалау жүйесі» формасы түрінде берілді.

  

Сайыстың І кезеңі мектеп базасында өткізіліп, қатысушы 1000-нан астам оқушының ішінен жоғары ұпай жинаған 200 оқушы ІІ кезеңге жіберілген болатын. Олимпиаданың қорытындысы бойынша жүлделі І, ІІ, ІІІ орын иегерлері анықталып, жеңімпаздар «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығының атынан арнайы сыйлықтарға ие болды. І орын иегерлеріне (3) Smart сағат және орталықтың 30% жеңілдік купоны, ІІ орын иегерлеріне (8) «Абди» кеңсе тауарлары дүкенінің 4000 теңге сыйлық сертификаты және 10% жеңілдік купоны, ал ІІІ орын иегерлеріне (16) 2000 теңге сыйлық сертификаты және 10% жеңілдік купоны табысталды. Деңгейі жоғары деп танылған бірқатар оқушылар (20) арнайы грамоталармен марапатталды. Барлық жүлдегерлерге «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығының директоры, Астана қаласы Республикалық физика-математика мектебінің жоғары санатты математика пәнінің мұғалімі Мәуіт Ырысбектің «Математика олимпиадасына дайындық бастамалары» атты кітабы сыйға тартылды.

  

Сайыстың барлық жүлдегерлері дипломдармен марапатталды. Олимпиадаға қатысқан мектеп оқушылырының орташа ұпайы және орындар саны бойынша жоғары нәтиже көрсеткен №82 «Дарын» мамандандырылған лицейіне «Алтын сақа» кубогы табысталды. Мектеп оқушылырын ынталандыру және математика пәніне деген қызығушылығын арттыруға бағытталған дәл осындай олимпиадалар мен сайыстар орталықтың ұйымдастыруымен әлі де жалғасын табатын болады.

  

 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *