
Шымкент қаласы бойынша «Алтын сақа» олимпиадасы өтеді
2 желтоқсан. Нұр-Сұлтан. Zerdeli.kz – Шымкент қаласындағы «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығының бөлімшесі мен «Шымкент қаласы дарын орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Алтын сақа» математикалық олимпиадасы өтеді.
«Алтын сақа» математикалық олимпиадасы – «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығының оқушылардың интеллектуальдық деңгейін көтеру мақсатында дәстүрлі түрде өткізіп келе жатқан арнайы жобасы.
Олимпиада 5 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласындағы Astana hub кешенінде орналасқан заманауи студия арқылы онлайн режимде, өзгеше платформамен өтетін болады.
Білім сайысына Шымкент шаһарындағы 89 білім беру мекемесінің 5-6 сынып оқушыларынан іріктелген саңлақтары қатысады.
Олимпиада жыл сайын танымалдыққа ие болып келеді. Биыл қатысуға ниет білдірушілер саны артып, 1500-ден астам ұсыныс түсті. Алайда, қалалық деңгейдегі олимпиадаға мектепішілік сайыс кезеңінен өткен 328 оқушы қатысады деп күтілуде.
Сайыс барысында оқушылар белгіленген уақыт ішінде 10 сұраққа жауап беруі тиіс. Әрбір сұраққа 3 минут ғана уақыт берілген. Әр сауалдың бір немесе көп жауабы дұрыс болуы мүмкін.
Жүлдегерлер онлайн режимде арнайы жүйе бойынша бағаланып, қаржылай марапатталады.
Олимпиада жоғары деңгейде өтуі үшін Astana hub кешенінде орналасқан «Зерделінің» медиа орталығында соңғы технологиямен жабдықталған студия жасақталған. Сонымен қатар арнайы үйлестіруші мамандар қосыны ұйымдастырылып отыр.
Онлайн режимде өтетін олимпиаданың жүлдегерлері әділ таңдалуы үшін жеңімпаздар тікелей эфирде өз жауабын дәлелдейтін болады.