
Шымкент қаласы бойынша «Алтын сақа» кубогы табысталды
5 желтоқсан. Нұр-Сұлтан. Zerdeli.kz – «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығының ұйымдастыруымен Шымкент қаласы бойынша өткен «Алтын сақа» математикалық онлайн олимпиадасы өз мәресіне жетті.
«Шымкент қаласы дарын орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен бірлесіп өткізілген дәстүрлі олимпиадаға қала мектептерінен 328 оқушы қатысты.
Марапаттау салтанатының ашылуына «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығының директоры, «Алтын сақа» олимпиадасы жобасының авторы Ырысбек Мәуіт, «Шымкент дарыны орталығы» КММ-нің директоры Джеренова Раушан Омарханқызы арнайы қатысып, жеңімпаздарды құттықтады.
Жүзден жүйрік шыққан жүлдегерлер І, ІІ, ІІІ, ІV орындар бойынша арнайы дипломмен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Әрбір орындар бойынша 10000, 5000, 3000 теңгеден қаржылай жүлде берілді. Сонымен бірге, орталықтың оқу курстарынан 10%-дан 50%-ға дейінгі жеңілдіктер сертификаты табысталды.
Олимпиаданың дәстүрі бойынша І, ІІ, ІІІ орын бойынша мектептер де анықталып, жан-жақты көрсеткіштерімен жүзден жүйрік шыққан №77 мектепке «Алтын сақа» кубогы табысталды.
Олимиада Нұр-Сұлтан қаласындағы Astana hub кешенінде орналасқан заманауи студия арқылы онлайн режимде өткізіліп, Microsoft Teams платформасы, zerdeli.kz сайты, youtube каналынан тікелей эфирде таратылды.
«Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығының баспасөз қызметі